ТЕННИСТРЕНДТЕ

17 жастағы Заңғар Нұрланұлы ересектер арасындағы кәсіби турнирдегі алғашқы жеңісіне жетті

Қазақстандық жас теннисші Заңғар Нұрланұлы Шарм-эль-Шейхте (Мысыр) өтіп жатқан ITF M15 сериясындағы халықаралық турнирді сәтті бастады. 17 жастағы спортшы бірінші айналымда Беларусьтен келген 18 жастағы Руслан Кацукевичпен кездесіп, екі сетте 7:5, 6:3 есебімен басым түсті.

Бұл жеңіс Заңғардың ересектер арасындағы кәсіби бәсекеде тіркеген алғашқы табысы болып отыр. Осы нәтижеден кейін ол ATP рейтингісінде алғашқы ұпайына қол жеткізеді.

Келесі кезеңде Нұрланұлы ширек финал жолдамасы үшін әлемдік рейтингтің 811-інші сатысындағы, турнирдің төртінші ракеткасы саналатын таиландтық Вишайя Тронгчароенчайкулмен күш сынасады.

Айта кетейік, бұған дейін Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер санатында ғана жарыстарға қатысып келген. Жыл басында ол жасөспірімдер арасындағы US Open турнирінде жартылай финалға дейін жетіп, өз талантын кеңінен танытқан болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button