
Еліміздің танымал кәсіпкері Михаил Ломтадзе енді ресми түрде елордалық «Жеңіс» футбол клубының иесі болды. Сонымен қатар ол Астанада әлемдік деңгейдегі балалар футбол академиясын құруға қаржы салады.
Бұған дейін Ломтадзе халықаралық стандарттарға сай академия ашу жоспарын жариялаған еді. Енді бұл жоба «Жеңіс» клубының базасында жүзеге асатыны белгілі болды. Академияда дарынды балалар тегін дайындалатын болады.
Михаил Ломтадзе өз мақсатын былай түсіндірді:
– Арманым – Қазақстанда және Англияда жас таланттар тәрбиеленетін, әлемдік деңгейдегі кәсіби балалар футбол академиясын құру. Оқыту толықтай тегін болады. Жас спортшылар еліміздің және футболдың отаны — Англияның жетекші мамандарымен жаттыға алады, – деді ол.
«Жеңіс» футбол клубының бас директоры Айдын Қожахмет те бұл өзгерісті клуб үшін үлкен мүмкіншілік деп атады:
– Футболдың болашағы — балаларда, инфрақұрылымда және заманауи әдістемеде. «Жеңістің» бай тарихы бар. Бірлесіп клубтың бұрынғы даңқын қайтара аламыз және қазақстандық футболдың дамуына үлес қосамыз, – деді ол.
Бұл қадам ел футболының құрылымын жаңғыртуға және жаңа буын жас ойыншыларды тәрбиелеуге серпін береді деп күтілуде.



