БОКСТРЕНДТЕ

Геннадий Головкин Бангкокта Asian Boxing басшылығымен кездесті

World Boxing президенттігіне үміткер Геннадий Головкин Бангкокта Asian Boxing уақытша президенті және Таиланд бокс қауымдастығының басшысы Пичай Чунхаваджирамен кездесу өткізді.

Тараптар Азиядағы бокстың қазіргі жағдайын талқылап, өңірде әділдік, ашықтық және сапалы басқаруды күшейтуге бағытталған ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды. Әсіресе халықаралық жүйені біріздендіру, спортшылар мен ұлттық федерациялар үшін тең мүмкіндік қалыптастыру мәселелері назарға алынды.

Кездесуде Азия құрлығы олимпиадалық бокстың маңызды орталықтарының бірі екені атап өтілді. Мұнда ұйымдастыру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп, спорттағы бәсекелестік те өте жоғары екені айтылды.

Геннадий Головкиннің Азиямен байланысы да ерекше атап өтілді — дәл осы өңірде оның кәсіби жолы басталған. Тараптар Азия бүгінде бокста сенімді нығайтып, халықаралық беделді арттыруда қарқынды дамып келе жатқан аймақ екенін жеткізді.

«Азия әлемдік бокстың дамуына дәстүрлі түрде үлкен үлес қосып келеді. Федерациялар, бапкерлер мен спортшылардың бірлігін сақтай отырып, біз спортқа деген сенімді күшейтіп, баршаға тең мүмкіндік жасай аламыз», — деді Головкин.

Кездесу барысында жарыс жүйесін жетілдіру, спортшылардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ бапкерлер мен ресми тұлғаларға арналған білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Тараптар алдағы уақытта серіктестік байланыстарды нығайтып, Азиядағы боксты әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттары негізінде дамытуға дайын екенін растады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button