Спорт Министрі | Рафаэль Уразбахтин: «Мұндай матчты тарихқа жазуға болады»
ТРЕНДТЕФУТБОЛ

Рафаэль Уразбахтин: «Мұндай матчты тарихқа жазуға болады»

«Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар лигасындағы «Интерге» қарсы өткен (1:2) кездесуден кейін өз пікірін білдірді.

— Біз фантастикалық қарсыласпен — өткен жылғы финалистпен ойнадық. Олардың деңгейін білдік, сондықтан бар күшімізді салдық. Жігіттерге ризамын, ойын жоспарда көрсетілгендей өтті. Әрине, қателіктер болды, бірақ мұндай матчтарды тарихқа жазуға болады. Осындай кездесулер болашаққа сенім ұялатады. Көрермендердің осыншалық көп жиналғаны біз үшін ерекше қуаныш, — деді Уразбахтин.

Маман атақты «Сан-Сиро» стадионына қайта оралуын өміріндегі маңызды сәттердің бірі деп атады.

— Бұл аренаны бапкер ретінде қайта көремін деп ешқашан ойламадым. Бұл — ғажайыптың болатынын дәлелдейді, — деді ол.

Сонымен қатар, бас бапкер алдағы «Копенгагенге» қарсы ойынға дайындық барысын баяндады. Оның айтуынша, чемпионат маусымы аяқталғаннан кейін дайындық үдерісі қиындайды, бірақ үш апталық үзіліс ойыншылардың толық қалпына келуіне мүмкіндік береді.

— Жігіттерге бірнеше күн демалыс бердік. Себебі физикалық қана емес, моральдық тынығу да қажет. Қазақстанда маусым аяқталған соң жаттығу жасау оңай емес, бірақ бұл үзіліс бізге пайдалы болмақ, — деді бапкер.

Рафаэль Уразбахтин өз командасының Чемпиондар лигасындағы даму қарқынын да атап өтті.

— Біз үш мықты клубпен ойнадық. «Пафоспен» кездесуде басымдықты пайдалана алмадық, бәлкім тәжірибе жетіспеді. Мұндай турнирлер үлкен мектеп. Біз дұрыс бағыттамыз және жеңістерге сенеміз. Чемпиондар лигасына тұрақты қатысу клуб дамуына серпін береді, — деп түйіндеді Уразбахтин.

Басқа жаңалықтар

Back to top button