Қазақстан құрамасы жасөспірімдер Азиадасын 93 медальмен аяқтап, рекорд орнатты

Бахрейннің Манама қаласында 22–31 қазан аралығында өткен үшінші жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарысты жоғары нәтижемен аяқтап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды.
Ұлттық құрама қоржынында барлығы 93 медаль бар: 24 алтын, 29 күміс және 40 қола. Бұл – Қазақстанның жасөспірімдер Азиадасындағы ең үздік нәтижесі.
Жалпыкомандалық есепте Қытай бірінші орын алды — 147 медаль (63 алтын, 49 күміс, 35 қола). Екінші орында Өзбекстан — 81 медаль (37 алтын, 16 күміс, 28 қола).
Қазақстан спортшылары жиырмадан астам спорт түрінен бақ сынап, бірнеше Азия және әлем рекордтарын жаңартты.
Ауыр атлет Әлихан Әскербай жұлқа және серпе көтеруде жасөспірімдер арасындағы әлемдік, азиялық және Азия ойындарының рекордтарын жаңартты. Сондай-ақ жеңіл атлет Максим Сажнев, жүзгіш Александр Румынский және зілтемірші Нұржан Жұмабай Азия ойындарының рекорд иегерлері атанды.
Қазақстан құрамасының ең көп алтын жүлдесі боксшыларға тиесілі — 5 алтын. Дзюдошылар 4 алтын, ал ауыр атлеттер 3 алтын медаль жеңіп алды.
Бұл нәтиже Қазақстанның жасөспірімдер спортындағы даму деңгейін айқын көрсетті.
 Салыстырмалы түрде, 2009 жылы Сингапурда өткен алғашқы Азия ойындарында Қазақстан небәрі 14 медаль (4 алтын, 6 күміс, 4 қола) жеңіп алып, сегізінші орын иеленген болатын.
 Ал 2013 жылы Нанкин қаласында өткен жарыста ел құрамасы 13 медаль (1 алтын, 4 күміс, 8 қола) иеленіп, 13-орынға тұрақтаған еді.
Манамадағы көрсеткіш — тәуелсіз Қазақстан спорт тарихындағы ең сәтті нәтиже ретінде есте қалды.



