
Қазақстан таеквондодан (WT) 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығын ресми түрде иеленді. Бұл шешім Қытайдың Уси қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты кезінде Дүниежүзілік таеквондо федерациясының (World Taekwondo) жиынында қабылданды.
Федерацияға мүше мемлекеттердің өкілдері Қазақстанның өтінішін бірауыздан қолдап, Астанада бұған дейін өткен халықаралық турнирлердің жоғары ұйымдастыру деңгейін атап өтті.
2027 жылғы әлем чемпионаты Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азия өңірінде алғаш рет өтеді. Турнирдің негізгі алаңы ретінде Астана қаласы белгіленген.
Айта кетсек, биылғы әлем чемпионаты 24–30 қазан аралығында Қытайдың Уси қаласында өтіп жатыр. Бұл жарысқа 179 елден 991 спортшы қатысуда. Қазақстан сапынан 16 таеквондошы ел намысын қорғап жатыр.



