
Қазақстанның бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина Токио (Жапония) қаласында өтіп жатқан WTA 500 санатындағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген Рыбакина екінші айналымда әлемдік рейтингте 22-орында тұрған канадалық, 2021 жылғы АҚШ чемпионатының финалисі Лейла Фернандеспен кездесті. Бұған дейін қос спортшы үш рет кездесіп, соның екеуінде Фернандес жеңіске жеткен болатын.
Бұл жолы алғашқы сет 6:4 есебімен Рыбакинаның пайдасына шешілді. Екінші партияда ол 3:0 есебімен алға шығып, матчты 6:3 нәтижесімен аяқтады. Ойын бір сағат 28 минутқа созылды. Қазақстандық теннисші 6 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін сәтті орындады. Фернандес бір эйс және бір брейкпен көзге түсті.
Жартылай финалға жолдама алу үшін Рыбакина әлемнің 23-ракеткасы, тағы бір канадалық Виктория Мбокомен кездеседі.
Осылайша, өткен аптада Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 турнирінде жеңімпаз атанған Рыбакина қатарынан бесінші жеңісіне жетті.
Қараша айында Эр-Риядта өтетін маусымның қорытынды турниріне жолдама алу үшін оған енді бір ғана жеңіс қажет.



