Спорт Министрі | Қазақстан чемпионатының төртінші күні: Аманқұлдың оралуы, чемпионның сүрінуі және фавориттердің сенімді жеңісі
БОКСТРЕНДТЕ

Қазақстан чемпионатының төртінші күні: Аманқұлдың оралуы, чемпионның сүрінуі және фавориттердің сенімді жеңісі

Семей қаласында бокстан Қазақстан чемпионатының төртінші жарыс күні өтті. Күннің басты оқиғалары қатарында Токио Олимпиадасына қатысқан Әбілхан Аманқұлдың қайта оралуы мен 60 келідегі чемпион Талғат Сырымбетовтың жеңілісі болды.

Әбілхан Аманқұлдың төрт жылдық үзілістен кейінгі оралуы

2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ел үміті Әбілхан Аманқұл ұзақ үзілістен кейін қайтадан әуесқой боксқа оралды. Ол соңғы рет 2021 жылы Токио Олимпиадасында өнер көрсеткен болатын. Төрт жылдық үзілістен кейін Семей төрінде өткен алғашқы жекпе-жегінде Аманқұл Алматы қаласының өкілі Сержан Еркінді сенімді түрде жеңіп, келесі кезеңге өтті.

Чемпиондық атақтан айырылған Талғат Сырымбетов

60 келі салмақтағы Қазақстан чемпионы Талғат Сырымбетов өз атағын сақтап қала алмады. 1/8 финалда ол жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Жансері Көшербаевқа жол берді. Айқас екінші раундта баспен соғылу себебінен уақытынан бұрын тоқтатылып, төрешілер шешімімен 4:1 есебімен жеңіс Жансері Көшербаевқа берілді. Айта кетерлігі, жас спортшы бұған дейін де Павлодар облысының өкілі, ел чемпионы Ерболат Сабырды жарыс жолынан шығарған болатын.

Фавориттердің сенімді жеңістері

Жарыстың осы күні бірнеше фаворит боксшылар өз артықшылығын айқын көрсетті. 60 келіде Бейбарыс Жексен, 22 жасқа дейінгі екі дүркін Азия чемпионы Нұрислам Қалдыбаев, Серік Теміржанов, сондай-ақ 65 келідегі Ертуған Зейнуллинов пен Санатәлі Төлтаев жеңісін жалғастырды. 75 келіде Сәбыржан Аққалықов пен Аман Қонысбеков те өз деңгейлерін дәлелдеді.

Өнер Сейілхан — жаңа салмақтағы дебют

Жастар арасындағы 2024 жылғы әлем чемпионы Өнер Сейілхан алғаш рет 85 келі салмақта бақ сынап жатыр. Бұған дейін 71 келіде топ жарған боксшы бұл жолы жаңа салмақта да сенімді көрінді. Алғашқы кездесуде ол Атырау облысының өкілі Абылайхан Битимовті 5:0 есебімен ұтып, келесі кезеңге өтті.

Қазақстан чемпионатының шешуші кезеңдері 21 қазанға дейін жалғасады. Финалдық жекпе-жектер QAZSPORT телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button