Спорт Министрі | Астанада үш дүркін «Әлем барысы» атанған Айдос Нұғымаровтың атындағы спортзал ашылды
КҮРЕС

Астанада үш дүркін «Әлем барысы» атанған Айдос Нұғымаровтың атындағы спортзал ашылды

Астанадағы №106 орта мектепте қазақ күресінен екі дүркін «Қазақстан барысы» және үш дүркін «Әлем барысы» Айдос Нұғымаров атындағы спортзалдың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Арнайы іс-шараға балуан Айдос Нұғымаров келіп, лентасын қиды.

Дәл қазіргі сәтте №106 орта мектепте 4 500 бала оқиды. Оның 6-17 жас аралығындағы 60-қа жуық оқушысы дүйсенбі және сәрсенбі күндері ұлттық спортымызбен шұғылданады.

«Біздің мектебіміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған.

Балаларымыз үшін 2 үлкен және 2 кішкентай залымыз бар. Осы орайда бір залымыздың есімін қазақ күресін әлемге танытып жүрген Айдос Нұғымаровтың атына беруді жөн деп шештік. Оның үстіне 2024 жылы қазақ күресінен «Жайлы мектеп барысы» атты жарысты өткізгеніміз тағы бар.

Алдағы уақытта дәстүрге айналады деп сенемін. Біздің мектебімізде күшке ие бола алатын балалар өте көп. Болашақта осылардың арасынан қазақ күресін танытатын балуандарды жарыққа шығарамыз деген ойдамын», — деді №106 орта мектебінің директоры Гүлсан Жаманқараева.

Іс-шара барысында Айдос Нұғымаров өз атынан қазақ күресіне арналған 20 спорттық киімді тарту етті.

«Менің атыма спортзалдың ашылғанына өте қуаныштымын. Көздерінен от жанып тұрған балалар болашақта кәсіби спортшы ретінде қалыптасып, менен де асып түсетіндеріне сенімдімін. Бастысы – ерінбей еңбек етіңіздер», — деп Айбек Нұғымаров өз ойын білдірді.

Салтанатты шарада мектеп ұжымы Айдос Нұғымаровқа қазақи дәстүрмен шапан жауып, өз құрметтерін көрсетті.

Айта кетейік, 18 қазан күні Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында кезекті «Қазақстан барысы-2025» бәсекесі өтеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button