Спорт Министрі | Қазақстан футболындағы келісілген матчтар: Мәжілісте мәселе көтерілді
МӘСЕЛЕТРЕНДТЕ

Қазақстан футболындағы келісілген матчтар: Мәжілісте мәселе көтерілді

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан еліміздегі футболдағы келісілген матчтар мәселесін көтеріп, Бас прокурор Берік Асыловтың атына депутаттық сауал жолдады. Ол құқық қорғау органдарын тарта отырып, бұл деректер бойынша жан-жақты тергеу жүргізуді сұрады.

Халық қалаулысының айтуынша, халықаралық Sportradar компаниясының деректеріне сәйкес, 2022 жылы Қазақстан келісілген матчтар саны бойынша әлемде төртінші орынға шыққан. Бұл ел футболындағы әділетсіз ойындардың кең таралғанын айғақтайды.

Депутаттың сөзінше, Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров бұл проблеманың барын мойындағанымен, мәселені жүйелі шешуге бағытталған нақты шаралар қолға алынбаған. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ букмекерлік компаниялардың кей матчтарды желіден алып тастайтынын хабарлап жүр, бірақ мұндай жағдайлар бойынша тергеу жүргізілмейді.

Абзал Құспан халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Германияда 2005 жылы төреші Роберт Хойзер келісілген матчтар үшін 2 жыл 5 айға сотталған. 2011 жылы Оңтүстік Кореяда 57 ойыншы жауапкершілікке тартылды. Италияда 2015 жылы клуб президенті Антонио Пульвиренти істі болып, командасы еурокубоктардан шеттетілді. Қытайда 2013 жылы жоғары лауазымды футбол шенеуніктері мен халықаралық төрешілер 5 жылдан 10 жылға дейін сотталды, ал Вьетнамда 2005 жылы ұлттық құраманың бірнеше ойыншысы 3–4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе тек спорт шеңберімен шектелмейді. Мемлекеттік органдарға назар көбірек аударылғанымен, квазимемлекеттік сектор мен жеке құрылымдарда да миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгеге дейін қаржы заңсыздықтары орын алып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button