Азия ойындары-2026: ұйымдастырушылар дайындық барысы жайлы ақпаратпен бөлісті

Астанада 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына арналған арнайы баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз жиынына Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) Бас директорының орынбасары Винод Тивари, АОК-нің медиа және телетрансляция жөніндегі директоры Цзян Чжоу, Аичи-Нагоя 2026 ұйымдастыру комитетінің Бас директоры міндетін атқарушы Ясухиро Накамори, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас директоры Нұрлан Нөгербек және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев қатысты.
Аичи-Нагоя 2026 ұйымдастыру комитеті көпсалалы спорттық додаға дайындық барысы туралы өзекті ақпаратпен бөлісті.
Азиада-2026 бағдарламасына 41 спорт түрі енген. Жалпы 68 бағдарлама бойынша 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынады: оның 217-сі ерлер, 204-і әйелдер, ал 39-ы аралас санаттарда. Бағдарламаға олимпиадалық, олимпиадалық емес және дәстүрлі азиялық спорт түрлері кіреді.
Қазақстан құрамасы 500-ден астам спортшымен 30-ға жуық спорт түрінен бақ сынайды деген болжам бар. Қазақстанның құрамы кейінірек жарияланады. Құрама сапы ішкі іріктеу нәтижелері мен халықаралық жарыстардағы көрсеткіштер негізінде жасақталады.
Айта кетейік, 3 қыркүйекте, Астанадағы Орталық саябақта Аичи-Нагоя 2026 Азия ойындарын қолдауға арналған Fun Run символдық жүгіру шарасы өтеді.