Спорт Министрі | Астанада бочча спортынан алғаш рет халықаралық турнир өтуде
БАСҚАЛАРЫ

Астанада бочча спортынан алғаш рет халықаралық турнир өтуде

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында боччадан елімізде тұңғыш рет халықаралық турнир өтіп жатыр. Жарыс 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу аясында ұйымдастырылып отыр.

Халықаралық бочча федерациясының (BISFed) күнтізбесіне енген бұл додада спортшылар рейтингтік ұпайлар үшін бақ сынайды. Жарысқа 14 елден келген 56 параспортшы қатысуда. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Тайпей, Сингапур, Үндістан, Италия, БАӘ, Өзбекстан, Кипр, Иран, Сауд Арабиясы, Әзербайжан, Мысыр және Қазақстан бар.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Парламент Сенатының төрағасы және Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев бұл жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті:

«Қазақстанда боччаның тарихы 2018 жылдан басталады. Бүгінде еліміздің 20 қаласында 250-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрақты түрде жаттығады. Қазіргі таңда Қазақстан әлемдік рейтингте 19-орында, ал Орталық Азияда көш бастап тұр. Ұлттық құрамамызда 40-тан астам спортшы бар, олардың ішінен үздік 10 атлет осы турнирге қатысуда», – деді ол.

Турнирге қатысып жатқан үздік отандық спортшылар қатарында Алмат Ерзат, Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Анастасия Кутурман бар. Қуаныш Асқарбеков (BC1 санаты) әлемдік рейтингте 17-орында тұр.

Турнирдің төрешілері Тайпей, Малайзия, Үндістан, Жапония, Аустралия, Испания және Қазақстаннан шақырылған. Испаниялық төреші Калверол Лауро Мария Терезаның айтуынша, Азиядағы бочча бәсекесі өте жоғары деңгейде өтуде және Қазақстан да бәсекеге қабілетті елдердің қатарына енуі мүмкін.

Жарыс 27 тамызға дейін жалғасады. Спортшылар B1–B4 санаттары бойынша, сондай-ақ жұптық және командалық сайыстарда жүлделерді сарапқа салады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button