Спорт Министрі | World Aquatics комитеттеріне Қазақстанның төрт өкілі енді
БАСҚАЛАРЫ

World Aquatics комитеттеріне Қазақстанның төрт өкілі енді

Қазақстан су спорты түрлерінің халықаралық федерациясы (World Aquatics) құрылымдарындағы өкілдігін кеңейтті. Енді ұйымның түрлі комитеттерінде төрт қазақстандық маман қызмет атқарады.

Qazaqstan Aquatics федерациясының бас хатшысы, Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин дауыс беру нәтижесінде Азия атынан Спортшылар комитетіне мүше болып сайланды. Бұл сайлауда 20 орынға 44 үміткер таласты. Комитет құрамын құру кезінде гендерлік тепе-теңдік пен өңірлік әркелкілікке назар аударылды.

Бұдан бөлек, World Aquatics басшылығының шешімімен федерация комитеттеріне Мират Өтепов (Аудиторлық комитеттің кеңесшісі), Илья Гусаков (Жүзу бойынша техникалық комитет) және Еңлік Ұлтаракова (Спорттық медицина комитеті) кірді.

Айта кетейік, бұған дейін Сингапурда өткен World Aquatics конгресі аясында Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин федерация басшысы Хусейн әл-Мусалламмен кездесу барысында Qazaqstan Aquatics өкілдерінің халықаралық құрылымдар жұмысына қатысуын кеңейту мәселесін талқылаған болатын.

Қазақстандық мамандардың сайлануы мен тағайындалуы — Мемлекет басшысының халықаралық спорт федерацияларының құрылымдарында ел өкілдігін кеңейту және оның әлемдік спорттағы орнын нығайту жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы маңызды қадам болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button