Геннадий Головкин Сауд Арабиясы ҰОК вице-президентімен кездесу өткізді

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Сауд Арабиясы ҰОК-нің вице-президенті, ханзада Әл Сауд Фахад бин Джалави бин Абдулазиз Әл Саудпен кездесті.
Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан ҰОК-нің бас хатшысы Әлімжан Ақаев және Сауд Арабиясы Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеттерінің бас хатшысы мен бас директоры Абдулазиз Башен қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Сауд Арабиясында өтетін кешенді жарыстарға Қазақстан құрамасының қатысуын талқылады.
Атап айтқанда, 2025 жылдың 7-21 қарашасы аралығында Эр-Рияд қаласында Ислам ынтымақтастығы ойындарының VI жазғы кезеңі өтеді. Сонымен қатар 2026 жылдың желтоқсанында Эр-Риядта жабық ғимараттардағы және жауынгерлік өнер түрлері бойынша Азия ойындары ұйымдастырылмақ. Бұдан бөлек, 2027 жылы Сауд Арабиясы олимпиадалық киберспорт ойындарын қабылдайды.
Сапар аясында Сауд Арабиясы ҰОК делегациясы Астанадағы спорт нысандарын аралады. Бұл нысандарда Сауд Арабиясы мен Қазақстан командаларының бірлескен оқу-жаттығу жиындары өтіп жатыр. Қазіргі уақытта Алматы мен Астанада күрес, дзюдо, таеквондо және жеңіл атлетика бойынша жиындар жалғасуда. Оған Сауд Арабиясының 150-ден астам жасөспірім спортшысы қатысуда.
Сонымен қатар Қазақстан мен Сауд Арабиясы дзюдо федерациялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатта тараптар дзюдо спортын бірге дамытуға бағытталған болашақтағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын белгіледі.
Қонақтар спорт инфрақұрылымының жоғары деңгейін, халықаралық кешенді жарыстарды өткізу әлеуетін, сондай-ақ тәжірибе алмасу мен спортшылардың шеберлігін арттыру үшін бірлескен жаттығулардың маңыздылығын атап өтті.
«Біздің кездесуіміз – Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы спорттық ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадам. Біз бірлескен жобалар мен тәжірибе алмасу тек спортшыларымыздың дайындығын арттырып қана қоймай, жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз», – деді ханзада Әл Сауд Фахад бин Джалави бин Абдулазиз Әл Сауд.
Қазақстан ҰОК Сауд Арабиясы Олимпиадалық комитетімен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, бұл өзара іс-қимыл ортақ бастамаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.
«Біз үшін халықаралық серіктестермен берік әрі тиімді байланыс орнату өте маңызды.
Бірлескен оқу-жаттығулар мен жасалған келісімдер қос елдің спорттағы жетістігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ортақ жобаларды жүзеге асыру арқылы сапалы дамуға қол жеткіземіз деп сенеміз», – деді Қазақстан ҰОК басшысы.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге дайын екендерін жеткізді.