Спорт Министрі | Астанада триатлонды дамыту бойынша серіктестік мәселелері қаралды
БАСҚАЛАРЫ

Астанада триатлонды дамыту бойынша серіктестік мәселелері қаралды

Астанада Қазақстан триатлон федерациясының (ҚТФ) президенті Ержан Бижанов, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы, ҚТФ вице-президенті Әлімжан Ақаев, ҚТФ вице-президенті Жандос Қайыргелді, World Triathlon ұйымының бірінші вице-президенті Дебби Александра, сондай-ақ Asia Triathlon президенті, Сауд Арабиясы ҰОК вице-президенті ханзада Әл Сауд Фахад бин Джалави бин Абдулазиз Әл Саудтың қатысуымен кездесу өтті.

Қазақстан ҰОК бастамасымен ұйымдастырылған іс-шара елімізде триатлонды дамыту бағытындағы стратегиялық мәселелерді талқылауға және тәжірибе алмасуға маңызды алаңға айналды.

Кездесу барысында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту, халықаралық әріптестікті кеңейту, сондай-ақ триатлонды дамыту мен насихаттауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.

Ханзада Әл Сауд Фахад бин Джалави бин Абдулазиз Әл Сауд Қазақстанда триатлонға деген жоғары қызығушылықты атап өтіп, бұл спорт түрінің белсенді дамып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан ҰОК-не ұлттық федерацияларға жан-жақты қолдау көрсеткені және халықаралық деңгейде сындарлы ынтымақтастыққа дайындығы үшін алғыс білдірді.

Айта кетейік, 2025 жылдың маусым айында Бурабайда триатлоннан Азия кубогының кезеңі өтті. Жарысқа Қазақстан, Беларусь, Чехия, Германия, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Эстония, Түркия, Өзбекстан және Жапониядан 120-дан астам спортшы қатысты. Турнир World Triathlon құрлықтық күнтізбесі аясында ұйымдастырылып, Азия және әлем чемпионаттарына дайындықтың маңызды кезеңі болды.

«Қазақстандағы триатлон – ең бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Бұл спортқа деген қызығушылықтың артуын және оның белсенді дамуын ескере отырып, біз Қазақстан триатлон федерациясын жан-жақты қолдаймыз. Халықаралық әріптестермен тәжірибе алмасу және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру триатлонның Қазақстанда ғана емес, бүкіл өңірде дамуына ықпал етеді деп сенеміз», – деді Әлімжан Ақаев.

Тараптар триатлонды дамыту және оны Азия аумағында кеңінен тарату үшін ортақ жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button