Алматыда қазақстандық спортшылардың қатысуымен Athlete365 Career+ семинары аяқталды

Алматыда спортшыларға арналған Athlete365 Career+ бағдарламасы бойынша екі күндік семинар өтті. Іс-шараны Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық Комитеті мен Халықаралық Олимпиадалық Комитет олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында ұйымдастырды.
Тақырыптық семинар КИМЭП базасында өтіп, оған олимпиадалық спорт түрлерінде өнер көрсететін 50-ден астам спортшы қатысты. Олардың арасында кәсіби мансабын жалғастырып жүргендер де, спорттық жолын аяқтағандар да болды. Қатысушыларды іріктеу кезінде Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғаған спортшыларға басымдық берілді.
Семинар екі бөлімнен тұрды, әрқайсысы спорттан кейінгі өмірге бейімделу тақырыбына арналды. Қатысушылар түрлі мамандық мүмкіндіктерін қарастырып, алдағы кәсіби жолын жоспарлау тәсілдерін меңгерді. Сондай-ақ спортта қалыптасқан дағдыларын басқа салаларда қалай пайдалану керегін үйренді.
Спикерлер ретінде ХОК интерні, спорттық атудан үш дүркін Олимпиада қатысушысы, венгриялық София Чонка, сондай-ақ олимпиадалық зерттеулер мен спорт менеджменті бойынша мысырлық маман Инас Хуссейн сөз сөйледі.