Спорт Министрі | АҚШ пен Қазақстан спорт саласындағы әріптестікті талқылады
БАСҚАЛАРЫ

АҚШ пен Қазақстан спорт саласындағы әріптестікті талқылады

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас хатшысы Әлімжан Ақаев АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Дебби Робинсон ханыммен жұмыс кездесуін өткізді.

Кездесу барысында Әлімжан Ақаев АҚШ құрамасының 2025 жылғы 29 маусым мен 6 шілде аралығында бокстан Астанада өткен World Boxing Әлем кубогы кезеңіне қатысуына қолдау білдіргені үшін америкалық тарапқа алғыс айтты. Ол АҚШ командасының нәтижелерін ерекше атап өтті: Йозелин Перес (54 келіге дейін) күміс медальға ие болса, Моррель Маккейн (65 келіге дейін) мен Робби Гонзалес (80 келіге дейін) қола жүлдені жеңіп алды.

Сонымен қатар тараптар бірлескен жобалардың жүзеге асу барысын талқылады. 2024 жылдың маусым айынан бастап Қазақстан ҰОК жанындағы Спортшылар комиссиясының бастамасымен және АҚШ Елшілігінің қолдауымен қазақстандық спортшыларға арналған ағылшын тілін үйрету жобасы іске қосылған. Бұл бағдарлама спортшылардың тілдік қабілетін дамытып, оларды халықаралық спорттық ортаға бейімдеуге септігін тигізуде.

Кездесу соңында қос тарап Олимпиадалық қозғалыс аясында спорт саласындағы екіжақты серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдірді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button