
2025/26 жылғы маусымда Еуропаның басты клубтық турнирінде сәтті өнер көрсетіп жатқан алматылық «Қайрат» клубы бірнеше кезеңнен өтіп, қомақты қаржы табуға мүмкіндік алды.
Клуб бірінші іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» командасын (екі ойын нәтижесі – 3:1), ал екінші кезеңде Финляндияның КуПС клубын (3:2) жеңді. Үшінші кезеңде «Қайрат» Словакияның «Слованымен» ойнайды.
Осы кезге дейінгі нәтижелер үшін «Қайрат» 525 мың еуро (шамамен 330 миллион теңге) табыс тапты. Егер клуб плей-офф кезеңіне өте алмай қалса, 550 мың еуро (345,7 миллион теңге) көлемінде өтемақы алады да, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне түседі. Бұл кезеңде жеңілсе де, 300 мың еуро (188,6 миллион теңге) көлемінде тағы қаражат табады.
Ал ең нашар сценарийдің өзінде, яғни топтық кезеңге тек Конференциялар лигасы арқылы барса да, клуб 3,17 миллион еуро (1,99 миллиард теңге) алады.
Осылайша, «Қайраттың» Еурокубок маусымындағы ең төменгі табысы 4,55 миллион еуро (2,86 миллиард теңге) болады. Бұған қоса, маусым соңында телеқұқықтар мен маркетингтік табыстардан бөлек қаржы түседі.