
2025 жылғы 14-16 тамыз аралығында Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында WT нұсқасы бойынша G-1 санатындағы Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингтік турнирі өтеді.
750-ден астам спортшы қатысатын бұл дода үш жас санатын қамтиды: кадеттер, жасөспірімдер және ересектер. Турнир World Taekwondo халықаралық федерациясының ресми күнтізбесіне енгізілген.
22 елден келген делегациялар қатысатынын растады: Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, БАӘ, АҚШ және бейтарап жеке спортшылар (AIN).
Қазақстан алғаш рет 8 жылдан кейін әлемдік таэквондоның назарын өзіне аударып отыр. Бұған дейін мұндай деңгейдегі жарыстар 2015 жылы Алматыда және 2017 жылы Атырауда өткен.
Kazakhstan Open 2025 елдегі таэквондо дамуының жаңа кезеңін білдіреді. Турнирдің беделін арттыра түсетін фактор — Олимпиада чемпиондары мен әлемдік деңгейдегі жұлдыз спортшылардың қатысуы.
Жарыс халықаралық жаңартылған ережелерге сәйкес, жаңа KPNP K-2 электронды жүйесімен өтеді. Сонымен қатар, Қазақстанда алғаш рет жаңа буындағы электронды қолғаптар қолданылады. Бұл жабдықты KPNP компаниясы тікелей ұсынған.
Тағы бір маңызды жаңалық — турнир аясында Дүниежүзілік таэквондо федерациясының демонстрациялық командасы алғаш рет Қазақстанда өнер көрсетеді.
Аталған додаға World Taekwondo президенті доктор Чунгвон Чо, Азия таэквондо одағының президенті және халықаралық кеңестің мүшелері қатысады деп күтілуде.
«Kazakhstan Open турнирін Астанада өткізу — халықаралық спорттық диалогты нығайту және еліміздегі таэквондоның дамуына қосқан үлесіміз. Бұл дода әлемнің үздік спортшыларын біріктіріп, жастарға мотивация сыйлайды, еліміздің жаһандық аренадағы беделін көтереді. Бізге сенім артқан халықаралық серіктестерімізге алғысымыз шексіз,» — деді Қазақстан таэквондо федерациясының (WT) президенті Кудрат Шамиев.
Жүлде қоры — 15 808 000 теңге.
Астана әкімдігінің мәліметінше, бұл турнир тек ішкі спортты дамыту ғана емес, Қазақстанды ірі халықаралық спорттық шараларды өткізуге қабілетті ел ретінде танытады. Айта кетейік, елорда 2026 жылғы Гран-при финалын өткізу құқығына ие болды, ал 2027 жылғы Әлем чемпионатын өткізуге ресми өтінім келесі жылы беріледі деп жоспарлануда.