Спорт Министрі | Астаналық клуб фиджитал баскетболдан
БАСКЕТБОЛТРЕНДТЕ

Астаналық клуб фиджитал баскетболдан «Болашақ ойындары–2025» турниріне жолдама жеңіп алды

Астанада өткен «Road to Abu Dhabi» іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша елордалық RVC ASTANA командасы фиджитал баскетбол бойынша «Болашақ ойындары–2025» халықаралық турниріне жолдама жеңіп алды.

Команда құрамында Қазақстанның ұлттық баскетбол құрамасының ойыншылары — Руслан Айтқали мен Асқар Майдекін өнер көрсетті. Енді дәл осы команда Абу-Дабиде (БАӘ) 2025 жылдың желтоқсанында өтетін екінші халықаралық мультиспорттық турнирде ел намысын қорғайды.

«Бұл — қазақстандық спорт үшін тарихи сәт. Ұлттық құраманың ойыншылары өнер көрсеткен команда дәстүрлі спорттық дағдылар мен цифрлық қабілеттерді шебер ұштастыра білді. Спортшылардың шынайы алаң мен виртуалды әлемде қатар ойнап, жеңіске жетуі – фиджитал спорттың әлеуетін көрсетеді. Қазақстандық клубтар Абу-Дабидегі ойындарда лайықты өнер көрсетіп, өзге елдердің спортшыларымен тең дәрежеде бәсекелес болатынына сенімдіміз», – деді Астанадағы Болашақ ойындарына дайындық дирекциясының жетекшісі Әлібек Хасенов.

RVC ASTANA қарсыластарын тек баскетбол алаңында ғана емес, виртуалды ойында да сенімді түрде жеңіп шықты. Турнирдің екінші орнын Алматы қаласының Saubol Basketball командасы иеленді. Бұл командада да республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегерлері, ұлттық кибербаскетбол құрамасының мүшелері бар.

Еске салсақ, «Road to Abu Dhabi» турнирі Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Іріктеу фиджитал футбол және фиджитал баскетбол бағыттары бойынша ұйымдастырылды.

Бұған дейін фиджитал шутерден xGod командасы 2024 жылы Қазанда өткен халықаралық турнирде жеңіске жетіп, Абу-Дабиге жолдама алған еді. Ал UEL Team (Қарағанды) фиджитал футбол бойынша Қазақстанның атынан қатысады.

Айта кетсек, фиджитал спорт (phygital – physical + digital) — классикалық спорт пен цифрлық технологияны біріктіретін жаңа спорт түрі. Болашақ ойындарының алғашқы жарысы 2024 жылы Қазанда өтті, ал 2026 жылы жазда Астана бұл ауқымды турнирді қабылдайтын болады. Жарысқа 100-ге жуық елден, 13 фиджитал спорт түрі бойынша спортшылар қатысады деп күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button