Астанада «Болашақ Ойындары 2025» турнирінің іріктеу кезеңі басталды

Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Road to Abu Dhabi атты іріктеу турнирі басталды. Бұл жарыс Қазақстан атынан «Болашақ Ойындары 2025» додасына жолдама беретін негізгі кезең болмақ.
Халықаралық мультиспорттық фиджитал турнир 2025 жылдың желтоқсанында Абу-Дабиде (БАӘ) өтеді.
– Бұл – Абу-Дабидегі жарысқа қатысушыларды анықтайтын ең маңызды кезең. Қазақстан атынан үш клуб қатысады: бір команда фиджитал шутерден жолдаманы былтыр Қазанда өткен турнирде жеңіп алған, қалған екі команда осы іріктеу арқылы анықталады, – деді «Болашақ Ойындары 2026» дирекциясының басшысы Алибек Хасенов.
Іріктеу турнирі 21-26 шілде аралығында өтеді. Нәтижесінде екі команда таңдалып, Абу-Дабидегі турнирге Қазақстан атынан барады. Жарыс фиджитал футбол және фиджитал баскетбол бойынша өтеді.
Фиджитал форматтың ерекшелігі – алдымен қатысушылар компьютерлік ойында екі тайм ойнайды, сол есеппен алаңға шығып, тағы екі тайм өткізеді. Алғашқы болып фиджитал футбол командалары сынға түсуде.
23 шілдеде фиджитал футбол чемпионы анықталып, Абу-Дабиге жолдама алады. Ойын ережесін Қазақстан футбол федерациясының 1-санатты төрешісі Данат Мұхаметғалиев бақылайды.
– Бұл кәдімгі мини-футбол форматы. Дәстүрлі турнирлердегідей физикалық дайындық та маңызды, – деді төреші.
Командалардың бірі – UEL Team екі құрамамен келген. – Біздің мақсатымыз тек жеңіс. Фиджитал спорт біз үшін жай хобби емес, кәсіби деңгейге шығудың мүмкіндігі. Бұған дейін бұл жігіттердің мұндай перспективасы болмаған, ал қазір әлемдік аренаға жол ашылып отыр. Келер жылы Астанада өтетін «Болашақ Ойындарына» да дайындалып жатырмыз, – деді команда өкілі Евгений Набиуллин.
Фиджитал футбол аяқталған соң жарыс фиджитал баскетболмен жалғасады. Соңғы жеңімпаздар 26 шілдеде анықталады. Көрермендер үшін кіру тегін, басталуы – 10:00-де.