Спорт Министрі | Биыл Қазақстанда қандай спорттық нысандар пайдалануға беріледі
БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Биыл Қазақстанда қандай спорттық нысандар пайдалануға беріледі

Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша ірі жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Жыл басынан бері 32 спорттық нысан қолданысқа берілді.

Соның ішінде ерекше атап өтерлік жоба – Ақмола облысы Зеренді ауылында ашылған спорт кешені. Бұл – мемлекетке қайтарылған активтер есебінен толықтай қаржыландырылған еліміздегі алғашқы спорт нысаны. Ғимараттың жалпы аумағы 6 мың шаршы метрден асады. Кешенде еркін және қазақ күресі, бокс, ауыр атлетика, шаңғы және жалпы дене дайындығына арналған залдар, шешінетін бөлмелер, медицина кабинеті, массаж бөлмесі, буфет, кір жуу орны, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер мен 48 орындық жатын блок бар.

Павлодар облысы Баянауыл ауданында да көпфункциялы спорт кешені пайдалануға берілді. Мұнда волейбол, баскетбол, бокс, күрес, садақ ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ кешенде 25 метрлік төрт жолақты бассейн орналасқан, онда 7 жастан бастап балаларға жүзу үйретіледі. Олимпиадалық және ұлттық спорт түрлеріне арналған үйірмелер ашылған. Бұған дейін ауданда 2009 жылы салынған жалғыз спорт залы қолданылып келген болатын. Жаңа нысан аймақ тұрғындары үшін спортпен шұғылдану мүмкіндігін едәуір кеңейтті.

Биыл қыркүйекте Қызылордада халықаралық стандартқа сай жаңа заманауи стадионның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Ол тек кәсіби спортшылар үшін емес, қала тұрғындарының бәріне қолжетімді болады. Мұнда бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика, таеквондо және фитнес залдары жұмыс істейді.

Елордада Х. Мұнайтпасов атындағы жаңа стадионның құрылысы басталды. Нысанды 2026 жылдың алғашқы тоқсанында тапсыру жоспарланған. Құрылыстың жалпы аумағы 15 мың шаршы метрден асады. Болашақ стадион үш қабатты болып, 3 600 көрерменді қабылдай алады. Кешен жыл бойы оқу-жаттығу өткізуге бейімделеді, сондай-ақ шешінетін бөлмелер мен душ кабиналарымен жабдықталады.

Астанада тағы бір ірі жоба – Ұлттық спорт университетінің құрылысы жүзеге асуда. Бұл оқу орны колледжден докторантураға дейін үздіксіз білім беруді қамтамасыз етеді. Құрылысы кезең-кезеңімен жүріп жатыр, 2025 жылдың соңында аяқталады деп күтілуде.

Университет базасында 500 колледж студенті, 2000-нан астам бакалавр, 60 магистрант пен докторант білім алады. Мұнда болашақ жаттықтырушылар, спорт менеджерлері, психологтар және ғылыми қызметкерлер жоғары жетістіктер спортына бейімделген бағыттар бойынша даярланады. Инфрақұрылым құрамына стадион, олимпиадалық бассейні бар жабық жеңіл атлетика манежі, көпфункциялы спорт кешені, ғылыми-зерттеу және медициналық-сауықтыру орталықтары енеді.

Сондай-ақ биыл Түркістанда есу каналының құрылысы аяқталады. Жаңа арна байдарка мен каноэ, параканоэ және академиялық есу жарыстарын қабылдай алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button