
Әйел-трансгендерлер енді АҚШ атынан Олимпиада және Паралимпиада ойындарында әйелдер санатында өнер көрсете алмайды. Мұндай шешімді АҚШ Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеті (USOPC) жаңа саясатқа енгізілген өзгерістерден кейін қабылдады.
Комитет бұл қадамды 2025 жылғы ақпанда президент Дональд Трамп қол қойған жарлыққа сәйкестендіріп отыр. Ол құжат мектептер мен спорт ұйымдарында әйелдер мен ерлерге арналған бөлек спорт түрлері мен киім ауыстыратын бөлмелерді сақтауды міндеттейді.
– Федералды деңгейде құрылған ұйым ретінде біз федералды талаптарды орындауға міндеттіміз, – делінген АҚШ Олимпиадалық комитетінің мәлімдемесінде.
Жаңартылған ережеде «трансгендер» сөзі тікелей аталмағанымен, құжатта әйелдер үшін әділ әрі қауіпсіз жарыс ортасын қамтамасыз етудің маңызы атап өтілген.
– АҚШ Олимпиадалық комитеті спортшылардың жарысқа қатысу мүмкіндіктерін қорғауға ұмтылады. Біз Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК), Халықаралық Паралимпиада комитеті (ХПК), ұлттық спорт федерациялары сияқты қадағалаушы органдармен бірлесе отырып, әйелдерге әділ және қауіпсіз жарыс жағдайын қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Бұл Президент жарлығы №14201 мен Олимпиадалық және әуесқой спорт туралы Тед Стивенс заңына сай жүзеге асады, – делінген USOPC сайтында жарияланған құжатта.
Тед Стивенс заңы Олимпиадалық және әуесқой спорттағы қатысуға рұқсат беру дауларын шешу тәртібін белгілейді. Бұл заңды Аляска сенаторы Тед Стивенс ұсынған және 1998 жылы қабылданған.
Сонымен қатар, жаңартылған саясатта тыйымның қалай жүзеге асатыны және оның ерлер жарыстарына қатысты қолданылатыны нақты көрсетілмеген.
Айта кетейік, АҚШ Олимпиадалық және Паралимпиадалық комитеті тек Олимпиада мен Паралимпиада ойындарында ел құрамасының қатысуын ұйымдастырып қана қоймай, жасөспірімдерден бастап ардагерлерге дейінгі барлық деңгейдегі спорттық жарыстарды бақылаумен айналысады.