Спорт Министрі | Ұлттық спорт түрлері олимпиадалық деңгеймен теңестірілді
БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Ұлттық спорт түрлері олимпиадалық деңгеймен теңестірілді

Елімізде ұлттық спорт түрлері енді олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен бір деңгейде дамытылады. Бұл маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында бекітілді.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жаңа ереже ұлттық спортты мақсатты түрде қаржыландыруға және оны жоғары жетістіктер спорты ретінде тануға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Ұлттық құрылтайда: «Ұлттық спорт — мәдени бірегейлігіміздің ажырамас бөлігі және ұлт саулығын тәрбиелеудегі маңызды құрал» екенін атап өткен болатын.

Бүгінде Қазақстанда 11 ұлттық спорт түрі дамып келеді: асық ату, аударыспақ, бәйге, садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ. Оның төртеуі (құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату) ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген.

2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында Қазақстан құрамасы 112 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Жыл сайын елімізде «Ақбидай» ауыл спорт ойындары, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі, этноспорт фестивальдері мен чемпионаттар ұйымдастырылады.

Ұлттық спорт — патриотизмнің, ұрпақ сабақтастығының және туған жерге деген сүйіспеншіліктің маңызды көрінісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button