Айти-Нагоя-2026 Азия ойындарының спорттық бағдарламасы бекітілді

Азия Олимпиадалық кеңесінің Атқарушы комитеті 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтетін 20-шы Азия ойындарының соңғы спорттық бағдарламасын бекітті. Бұл шешім ұйымның бірінші вице-президенті Тимоти Фок төрағалық еткен онлайн отырыста қабылданды.
Бағдарламаға 41 спорт түрі, 68 дисциплина енгізіліп, барлығы 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оның ішінде ерлер арасында – 217, әйелдер арасында – 204 және аралас жарыстарда – 39 медаль ойнатылады.
Олимпиадалық спорт түрлерінен бөлек, аймаққа тән және заманауи бағыттар да назардан тыс қалған жоқ. Жарыстарға жеңіл атлетика, жүзу, футбол, теннис, бокс, дзюдо, регби-7, ауыр атлетика, семсерлесу және қазіргі бессайыспен қатар, киберспорт, брейкинг, сепактакрау, ушу және кабадди сияқты ерекше дисциплиналар да қосылды. Сондай-ақ скейтбординг, ескек есу, желкенді спорт, джиу-джитсу мен кураш секілді жекпе-жек өнерлері де өтеді.
Айта кетсек, Жапония Азия ойындарын үшінші рет қабылдайды. Бұған дейін бұл ел 1958 жылы Токиода және 1994 жылы Хиросимада құрлықтық ойындарға қожайын болған.