
Fight Nights лигасының президенті Камил Гаджиев қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат «Номад» Рахмоновтың (19-0) чемпиондық жекпе-жекке ұмтылысына пікір білдірді.
Еске салсақ, Рахмонов аралық кездесулерге қызықпайтынын, тек чемпиондық белбеуге таласқысы келетінін айтқан еді. Гаджиев бұл көзқарасты толық қолдады.
«Шавкаттың мәлімдемесі қисынды. Себебі титулдық жекпе-жекке бір қадам қалған сәтте чемпионнан басқа қарсылас іздеу дұрыс болмайды. Басқа мәселе – Дана Уайттың жоспары. Егер Ислам Махачев жеңсе, оның келесі қарсыласы Топурия болуы мүмкін. Ал егер Джек Делла Маддалена жеңсе, онда Маддалена мен Шавкаттың кездесуі өте қызықты жекпе-жек болар еді», – деді Гаджиев YouTube арнасында.
Бұған дейін Ислам Махачев (27-1) қараша айында Нью-Йорктегі «Мэдисон‑сквер‑гарденде» өтетін UFC 322 турнирінде жартылай орта салмақтағы чемпион Джек Делла Маддаленамен (18-2) титул үшін кездесуі мүмкін екені хабарланған болатын.