
Оңтүстік Кореяның Муджу қаласында өтіп жатқан World Taekwondo Diamond Game 2025 G-4 турнирінде Қазақстан құрамасы табысты нәтиже көрсетті.
Аралас командалық сайыста ұлттық құрама финалға дейін жетіп, тек Өзбекстанның екінші құрамасына жол берді – 0:2. Осылайша, жерлестеріміз күміс жүлдені қанжығасына байлады. Команда құрамында Мерген Ғаниев, Абдурахмон Марипов, Камила Аймукашева мен Аида Тәукенова өнер көрсетті.
Жекелей жарыстарда да қазақ таеквондошылары үздіктер қатарынан көрінді. 80 келіге дейінгі салмақта Бекасыл Ергеш пен 67 келідегі Аяулым Асқар финалға дейін жетіп, күміс медаль еншіледі. Ал 68 келіде Нұрбек Ғазез және 57 келіде Алмира Қанат қола жүлдеге ие болды.
Бұған дейін әйелдер құрамасы да командалық сайыста күміс медаль алған еді. Жалпы, Қазақстан құрамасы бұл турнирде 6 медаль жеңіп алып, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.