
2026 жылы Астанада өтетін «Болашақ ойындарының» жүлде қоры 10 миллион долларды құрайды. Бұл туралы «Казспортинвест» акционерлік қоғамының президенті Әлібек Хасенов мәлімдеді.
— Турнирдің жалпы бюджеті мен жүлде қоры – 10 миллион доллар. Бұл сома 13 түрлі дисциплина бойынша бөлінеді. Кейбір бағыттарға көбірек, кейбіріне азырақ қаржы қарастырылады. Ең бастысы – бұл қаржының бәрі демеушілер есебінен қалыптасады. Мемлекеттік қаражат тартылмайды, – деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жобаға инвесторлар мен серіктестерді тарту жұмысы белсенді жүріп жатыр.
— Қазірдің өзінде жобаны қолдауға ниет білдірген отандық компаниялар бар. Сонымен қатар біз бизнес қауымдастыққа ашықпыз. Бұл жобаны жоғары деңгейде жүзеге асыру үшін сенімді серіктестер іздеудеміз, – деп атап өтті Әлібек Хасенов.
Ол сондай-ақ шетелдік компаниялармен де келіссөздер жүріп жатқанын жеткізді.
— Бұл тек Қазақстанға арналған халықаралық турнир емес. Жобаның әлеуеті өте жоғары. Мысалы, Қазанда өткен алғашқы «Болашақ ойындарын» түрлі платформаларда 3,5 миллиардтан астам көрермен тамашалаған. Біз болашақта бұл көрсеткіштің еселенетініне сенімдіміз. Бұл өз кезегінде инвесторлар мен демеушілердің қызығушылығын арттырады, – деді ол.
Әлібек Хасенов сөз соңында демеушілік бағыттағы келіссөздер оң нәтиже беріп жатқанын атап өтті.
— Қазірдің өзінде бірнеше табысты кездесу өткіздік. Жоба ресми түрде жарияланбас бұрын-ақ қызығушылық танытқан серіктестер болды. Енді, ресми іске қосылғаннан кейін, біз Қазақстандағы ірі бизнес өкілдеріне, корпорациялар мен халықаралық серіктестерге осы жобаны қолдауға шақырамыз, – деді «Казспортинвест» басшысы.