Спорт Министрі | Қазақстанда спорт ардагерлеріне қолдау шаралары әзірленіп жатыр
БАСҚАЛАРЫ

Қазақстанда спорт ардагерлеріне қолдау шаралары әзірленіп жатыр

Қазақстанда спорт ардагерлерін қолдау бағытында бірқатар маңызды бастамалар қолға алынуда. Бұл жұмыстар Туризм және спорт министрлігінің үйлестіруімен жүзеге асуда.

Атап айтқанда, биыл ақпанда құрылған «Қазақстан спорт ардагерлері одағы» республикалық қоғамдық бірлестігімен тығыз әріптестік орнаған. Құрамында мемлекеттік, қоғамдық және білім беру ұйымдарының өкілдері бар бұл ұйымның басты мақсаты – дене шынықтыру мен спортты дамыту, сондай-ақ патриоттық тәрбие беру.

Министр Ербол Мырзабосыновтың тапсырмасына сәйкес, ел аймақтарындағы спорт ардагерлерінің бірыңғай тізімі жасақталып жатыр. Бұл тізім болашақта нақты көмек түрлерін – жұмысқа орналастыру, емделу мен оңалту, бұқаралық спортқа қатысу мүмкіндігін анықтауға көмектеседі. Жұмыс әкімдіктермен, федерациялармен және өзге де ұйымдармен бірлесе атқарылуда.

Сондай-ақ министрлік жанынан өңірлік спорт басқармалары басшылығына кандидаттарды мақұлдайтын арнайы комиссия жұмыс істейді. Мұнда үміткерлердің тек мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі емес, жеке спорттық жетістіктері де ескеріледі. Мәселен, Олимпиада чемпиондары Бақтияр Артаев пен Серік Сәпиев, сондай-ақ қазақ күресінің шебері Ұлан Рысқұл осындай қолдауға ие болды.

Бұдан бөлек, белгілі спортшыларды спорт федерацияларын басқаруға тарту тәжірибесі де жалғасуда. Мысалы, Ольга Рыпакова — Жеңіл атлетика федерациясын, Дмитрий Баландин — Су спорт түрлері федерациясының бас хатшы міндетін атқаруда. Олардың қатысуы отандық спорт жүйесінің кәсібиленуін нығайта түсуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button