Спорт Министрі | Астанада Головкин мен IWF президенті кездесті
АУЫР АТЛЕТИКАТРЕНДТЕ

Астанада Головкин мен IWF президенті кездесті

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мохаммед Джалуд ресми кездесу өткізді.

Кездесу аясында тараптар елордада өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатының қорытындысын саралап, 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындық барысын талқылады. Әңгіме негізінен ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық мәселелерге арналды.

Головкин Қазақстанда ауыр атлетиканы дамытуға арналған халықаралық әріптестікке жоғары баға беріп, еліміздің осындай ірі додаларды өткізуге дайындығын атап өтті. Сонымен қатар, ол IWF басшылығына сенім білдіріп, ынтымақтастықты одан әрі арттыруға ниетті екенін жеткізді.

Өз кезегінде Мохаммед Джалуд құрлық біріншілігінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, Қазақстанның ауыр атлетиканы әлемдік деңгейде дамытуға қосып келе жатқан үлесін ерекше атап өтті.

Тараптар спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, басқарушылық әлеуетті арттыру және олимпиадалық құндылықтарды ілгерілету бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін мәлімдеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button