Қазақстанда спортшыларға діни көзқарасын ашық көрсетуге тыйым салынды

Қазақстанда Спорттық этика ережесінің жаңа редакциясы бекітілді. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 8 шілдеде жарияланған бұйрығында көрсетілген. Құжат 2025 жылдың 19 шілдесінен бастап күшіне енеді.
Жаңа талаптарға сәйкес, спортшылар, жаттықтырушылар мен төрешілер:
- қоғамға қарсы мінез-құлықтан, оның ішінде мас күйде қоғамдық орындарда болудан, адам абыройы мен қоғамдық моральға қайшы әрекеттерден аулақ болуы керек;
- әділ ойын қағидаларын және адал бәсекелестікті ұстануы тиіс;
- қарсыластарына, көрермендерге, ұйымдастырушыларға, ұлттық құрамалар өкілдеріне құрметпен қарауы қажет;
- саяси демонстрациялардан және өзгелерге қатысты дискриминациядан бас тартуы тиіс;
- мемлекеттік рәміздерге – Ту, Елтаңба, Әнұранға құрметпен қарап, Әнұран мәтіні мен әуенін білуге міндетті;
- марапаттау рәсімдеріне қатысып, спорттық киім үлгісін сақтауы қажет.
Ең басты өзгерістердің бірі – команда ішінде діни сенімін ашық көрсетуге тыйым салу және өзгелерді діни бірлестіктердің қызметіне немесе миссионерлік әрекеттерге қатысуға мәжбүрлемеу. Бұл тармақ діни бейтараптықты сақтау мақсатында енгізілген.
Сонымен қатар:
- жаттығу процесіне қатысты ақпаратты жария етуге;
- боқтық сөздер мен балағаттауға;
- төреші шешіміне ашық наразылық білдіруге;
- спорттық беделге нұқсан келтіретін әрекеттерге жол беруге болмайды.
Дене шынықтыру-спорт ұйымдары енді әрбір қызметкер мен спортшыны еңбек шарты жасалған сәттен бастап Спорттық этика ережесімен таныстыруға міндетті. Сондай-ақ бұл құжат көрнекі жерге ілінуі тиіс.
Бұл өзгерістер халықаралық талаптарға бейімделу және Қазақстан спортындағы тәртіп пен кәсіби этиканы күшейту мақсатында енгізілді.