Геннадий Головкин Астанадағы ауыр атлетикадан Азия чемпионатының ашылуына қатысты

4 шілде күні Астанада ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты басталды. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин арнайы қатысты.
Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтіп жатқан байрақты бәсекеге Азияның 27 елінен 450-ден астам спортшы келген. Чемпионат барысында U17 (17 жасқа дейін) және U20 (20 жасқа дейін) жас санаттары бойынша жүлделер сарапқа салынады.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Головкин спортшыларға сәттілік тілеп, әділ әрі жігерлі бәсеке боларына сенім білдірді:
> «Чемпионатқа қатысушылар өздерінің шеберлігін, жігерін және қарсыластарына, сондай-ақ жарыс ережелеріне деген құрметін көрсетеді деген сенімдемін. Бұл дода нағыз спорт рухының көрінісіне айналсын. Баршаңызға жоғары нәтижелер мен жеңіс тілеймін», — деді ҰОК президенті.
Айта кетейік, Қазақстан бұл деңгейдегі халықаралық турнирді 2014 жылдан бері алғаш рет қабылдап отыр. Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты 10 шілдеге дейін жалғасады.