Спорт Министрі | Туризм және спорт министрлігі жоғары жетістіктер спортына жаңа ғылыми тәсілдерді енгізіп жатыр
БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Туризм және спорт министрлігі жоғары жетістіктер спортына жаңа ғылыми тәсілдерді енгізіп жатыр

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі спортты дамытудың заманауи жолдарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл бағытта ғылыми сүйемелдеу мен басқару жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ халықаралық тәжірибені енгізуге ерекше назар аударылып отыр.

Алғаш рет кәсіби стандарттар бекітілді

Министрліктің бастамасымен Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығымен бірлесіп, елімізде алғаш рет «спорттық медицина» және «нутрициология» мамандықтарына арналған кәсіби стандарттар әзірленіп, Денсаулық сақтау министрлігімен бекітілді.

Басқару жүйесі реформаланды

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармалары басшыларын тағайындау тәртібі өзгертілді. Енді кандидаттар министрлік жанындағы арнайы комиссияның келісімімен бекітіледі. Сараптама кезінде үміткердің стратегиялық ойлау қабілеті, кәсіби тәжірибесі және өңірлік спортты дамытуға көзқарасы ескеріледі. Қазіргі таңда 12 өңірде жаңа басшылар тағайындалды.

Ғылыми тестілеу мен талдау енгізілді

Performance Hub ғылыми-зерттеу тобының базасында бокс, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, биатлон, күрес, семсерлесу, таэквондо секілді спорт түрлерінен кешенді ғылыми тестілеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта 150-ден астам спортшы сынақтан өтті. Сонымен қатар ұлттық құрамалар мен бапкерлерге арналған семинарлар мен дәрістер ұйымдастырылып, оларды тәжірибелі мамандар мен ғалымдар өткізуде.

Ұлттық спорт университеті – ғылыми орталық

Астанадағы Ұлттық спорт университеті болашақта спорт ғылымының ірі орталығына айналмақ. Университет инфрақұрылымы мамандар даярлау мен қолданбалы зерттеулер жүргізуге бейімделген. Мұнда ұлттық құрамаларға арналған бапкерлер, спорт менеджерлері, психологтар мен басқа да салалық мамандар оқытылады. Университет базасында бірқатар спорт түрінен құрамалардың дайындықтарына толық жағдай жасалған.

Шетелдік тәжірибе – отандық спортқа

  • Дзюдо бойынша ұлттық құрамада Олимпиада чемпионы Эцио Гамба жетекшілік ететін команда қазіргі заманғы тиімді әдістерді енгізіп жатыр.
  • Семсерлесу ұлттық құрамасында 2024 жылдың қазанынан бастап шетелдік жаттықтырушы-кеңесші Александр Горбачук жұмыс істеп келеді. Оның жетекшілігімен Қазақстан спортшылары халықаралық ареналарда жүлделі орындарға ие бола бастады.

Министрлік жүзеге асырып жатқан бұл бастамалар отандық спортты кәсіби, ғылыми, технологиялық және халықаралық тұрғыда жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button