Қазақстанда Бочча спортынан Паралимпиада-2028 іріктеу кезеңі өтеді

2025 жылдың 20–28 тамызы аралығында Астанада «Astana 2025 World Boccia Challenger» атты халықаралық турнир өтеді. Бұл – Бочча спортынан Паралимпиада-2028 ойындарына жолдама беретін ресми іріктеу кезеңі.
Аталған турнир Халықаралық бочча федерациясының күнтізбесіне енген. Жарыс нәтижелері арқылы қатысушылар Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына қажетті рейтингтік ұпай жинай алады.
— Турнирдің Астанада өткізілуі – еліміздің халықаралық және инклюзивті спортты дамытудағы әлеуетін көрсетеді, — деді Бочча спортынан Қазақстан федерациясының вице-президенті Назым Жаңғазинова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Халықаралық турнирді Қазақстан бочча федерациясы ұйымдастырып отыр. Қазіргі таңда Азия, Еуропа және Таяу Шығыс елдерін қоса алғанда 14 ел өз қатысуын растаған. Жарысқа жеке, жұптық және командалық санаттар бойынша спортшылар қатысады.
Тіркелу әлі де жалғасып жатыр. Ұйымдастырушылар басқа елдердің де қатысуын күтуде.