Спорт Министрі | Астанада каноэ мен байдаркада ескек есуден қалалық біріншілік өтіп жатыр
БАСҚАЛАРЫ

Астанада каноэ мен байдаркада ескек есуден қалалық біріншілік өтіп жатыр

Елордадағы «Толқын» спорт кешенінде 2009-2013 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында каноэ мен байдаркада ескек есуден қалалық чемпионат өтіп жатыр. Бұл спорт түрі Астанада 2000 жылдан бері дамып келеді.

Жарысқа алғаш рет қатысып отырған спортшылардың басым бөлігі ескек есуге бір-екі ай бұрын ғана келген. Олар арнайы іріктеу талаптарынан өтіп, суда тепе-теңдікті сақтауды меңгерген соң жарысқа жолдама алған.

– Мектептерді аралап, балаларды осы спортқа тартамыз. Секцияға қосылу үшін 10 жастан асқан балалар жүгіру, тартылу, кеудені көтеру сынды нормативтерден өтуі керек. Сонымен қатар жүзе білуі тиіс. Алғашқы екі ай жаттығулар тек құрлықта өтеді, – деді Астана қаласының аға бапкері Сергей Шимин.

Жарысқа қатысушылар 200 және 500 метр қашықтыққа жарысады. Белгіленген уақыт нормативін орындай алмағандарға бір ай ішінде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.

Бұған дейін жаңғыртудан өткен «Толқын» кешенінің каналы 2025 жылы қайта пайдалануға берілді. Қазір мұнда спортты енді бастағандар жаттығады, ал тәжірибелі спортшылар Есіл өзенінде дайындалады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button