Петропавлда асық ату мен бес асықтан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Петропавл қаласында ұлттық спорт түрлерінен – асық ату және бес асық бойынша Қазақстан чемпионаты басталды, деп хабарлайды SportM.kz.
⠀
Биылғы біріншілікке еліміздің түкпір-түкпірінен келген 19 команда қатысып жатыр. Жарыс алаңына 100-ден астам спортшы шықты. Олардың қатарында халықаралық турнирлердің жеңімпаздары да бар.
⠀
– Бұл чемпионат – жай ғана спорттық бәсеке емес. Ол ата-бабадан жалғасып келе жатқан рухани құндылықтың, ұлттық тәрбиенің көрінісі. Асық ойыны – халқымыздың ғасырлар бойғы тарихын бейнелейтін мәдени мұра. Бүгінгі шара – дәстүрімізге деген құрмет қана емес, сонымен қатар елімізді ұлттық спорт арқылы танытып жүрген спортшыларды дәріптеу күні. Солардың бірі – 2024 жылы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында алтын медаль алған Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Сания Аскер. Сонымен қатар, былтырғы әлем кубогының жеңімпазы, асық ату шебері Камила Сексембай да қатысып жатыр. Мұндай азаматтар – ел мақтанышы, жастарға үлгі, – деді Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әділхан Сағындыков.