Спорт Министрі | Астанада алғаш рет интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында баскетболдан әлем чемпионаты өтеді
БАСКЕТБОЛ

Астанада алғаш рет интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында баскетболдан әлем чемпионаты өтеді

Астана қаласы тарихында алғаш рет интеллектуалды мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған Virtus World Basketball Championship Astana 2025 әлем чемпионатын қабылдайды, деп хабарлайды SportM.kz.

Ауқымды спорттық дода 12–21 маусым аралығында өтеді. Чемпионатқа 11 елден 180-ге жуық спортшы қатысады. Қатысушы мемлекеттер қатарында Қазақстан, Израиль, Польша, Австралия, Италия, Испания, Жапония, АҚШ, Франция, Венесуэла және Португалия бар. Жарыстар 3х3 және 5х5 форматында, ерлер мен әйелдер арасында ұйымдастырылады.

12–15 маусым күндері іріктеу ойындары Астанадағы Триатлон паркінде ашық аспан астында өтеді. Ал финалдық кездесулер 17–21 маусым аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Жекпе-жек» сарайында жалғасады.

Чемпионатты РҚБ «Интеллектуалды дамуында ерекшелігі бар тұлғаларға арналған спорт федерациясы», РҚБ «Ұлттық баскетбол федерациясы» және ҚБ «Қазақстан стритбол лигасы» Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Чемпионаттың ресми ашылу салтанаты 12 маусым күні сағат 12:00-де Триатлон паркінде өтеді. Ал жабылу рәсімі 21 маусымда сағат 15:00-де Ж.Үшкемпіров атындағы сарайда өтеді.

– Қазақстан астанасы Virtus әлем чемпионатын алғаш рет қабылдайды деп зор мақтанышпен хабарлаймыз. Астана бұған дейін де көптеген халықаралық жарыстарға лайықты деңгейде ev иелік етіп, спорт қаласы ретінде өзін таныта білді. Бұл чемпионат Қазақстанда және бүкіл Орталық Азияда пара-баскетболды дамытуға серпін береді. Барша жанкүйерлерді әлемдік деңгейдегі қызықты ойындарды тамашалауға шақырамыз, – деді РҚБ «Интеллектуалды дамуында ерекшелігі бар тұлғаларға арналған спорт федерациясының» президенті Дина Темірғалиева.

Back to top button