
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Норвегия құрамасы өз алаңында Италияны ірі есеппен жеңді, деп хабарлайды SportM.kz.
І тобының ойынында норвегиялықтар шабуылда белсенділік танытты. Александр Сёрлот 14-минутта есеп ашса, Антонио Нуса 34-минутта есепті еселей түсті. Ал алғашқы тайм аяқталмай жатып, Эрлинг Холанд 42-минутта үшінші голды соқты.
Кездесу 3:0 есебімен аяқталып, Норвегия өз тобында көшбасшылықты нығайтты. Үш турдан кейін норвегиялықтардың еншісінде 9 ұпай бар. Израиль 6 ұпаймен екінші орында, Эстонияда — 3 ұпай. Италия мен Молдова әзірге ұпай жинаған жоқ.
Сол күні осы топтағы екінші кездесуде Израиль Эстонияны 3:1 есебімен жеңді.
Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы бақ сынап жатқан J тобында бұл турда біздің команда жасыл алаңға шыққан жоқ. Алайда топтағы басқа матчтарда Уэльс Лихтенштейнді 3:0 есебімен жеңсе, Солтүстік Македония мен Бельгия 1:1 есебімен тең түсті.