Қазақстан жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының командалық есебінде төртінші орын алды

Оңтүстік Кореяның Гуми қаласында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды.
Аталмыш жарыста Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды.
Алтын жүлдені Нора Джеруто (3000 метр кедергілер арқылы жүгіру, 5000 метр) мен Дейзи Джепкемей (10000 метр) еншіледі.
Биіктікке секіру сайысында күміс жүлдені Елизавета Матвеева жеңіп алды.
Ясмина Тоқсанбаева 20 шақырымдық спорттық жүрісте үшінші орынға ие болды.
Сондай-ақ Дейзи Джепкемей 3000 метр кедергілер арқылы жүгіруде қола жүлдені иеленді.
Командалық есепте Қазақстан құрамасы Қатармен бірдей нәтиже көрсетіп, төртінші орынға жайғасты. Қос құрама да бірдей медаль жиынтығына ие болды.
Жалпы есепте Қытай көш бастады (19 алтын, 9 күміс, 4 қола), екінші орында – Үндістан (8 алтын, 10 күміс, 6 қола), ал үздік үштікті Жапония түйіндеді (5 алтын, 11 күміс, 12 қола).