ФУТБОЛ
«Ақтөбе» әйелдер арасындағы ел біріншілігінде гол соғудан рекордты жаңартты

Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының алтыншы турында «Ақтөбе» командасы тарихи нәтижеге қол жеткізді. Ақтөбелік қыздар өз алаңында «Атырау» командасын 19:0 есебімен ойсырата ұтып, ел біріншілігі тарихындағы гол соғу жөніндегі рекордты жаңартты.
Жалпы алғанда, «Ақтөбе» биылғы маусымды өте сәтті бастады. Бес турда төрт мәрте жеңіске жетіп, бір ойында ғана тең нәтиже көрсетті. Сол кездесулерде олар қарсылас қақпасына 36 гол соғып, өз қақпасына небәрі 2 гол ғана жіберді.
Ал алтыншы турдан кейін бұл көрсеткіш жаңа деңгейге көтерілді — ақтөбеліктер алты турда 55 гол соғып үлгерді. Бұл – Қазақстан әйелдер футболы тарихындағы ең нәтижелі сериялардың бірі.