ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА
4 мыңнан аса астаналық BI қайырымдылық марафонына қатысты

Астанадағы Триатлон саябағында BI Marathon қайырымдылық марафоны қайта жанданды. Бұл шара 2020 жылы пандемия кезінде үзіліп, алты жылдан кейін алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Биыл марафон «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдауға арналды. Жаңбырлы ауа райына қарамастан, шара аясында еріктілер сенбілік өткізіп, саябақ аумағын тазартуға белсене қатысты. Осылайша спорт, экология және қайырымдылық идеялары тоғысты.
Марафонға 4 мыңнан астам адам қатысты. Оның ішінде 1174 қатысушы 21 шақырымды, ал 2872 адам 10 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Үш жүзден аса спортшы өзге өңірлерден келген.
Қайырымдылық шарасынан түскен қаржы көлемі осы аптада жарияланады.