
Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионатының элиталық дивизионында төртінші ойынын Данияға қарсы өткізді. Бұл матчта отандастарымыз қарсыласына 1:5 есебімен жол берді.
Кездесу Данияның Хернинг қаласында өтті. Бұған дейін бұл екі құрама алты мәрте кездесіп, оның екеуінде Қазақстан жеңіске жетсе, қалған кездесулерде даниялықтар басым түскен болатын.
Бүгінгі ойында қарсылас команда белсенділік танытып, бірінші болып есеп ашты. Миккель Огор 24-минутта, ал Александер Труэ 32-минутта шайба соқты. Қазақстан құрамасының шабуылшысы Никита Михайлис 46-минутта есепті қысқартқанымен, бұл отандастарымыз үшін жалғыз гол болып қалды.
Ойынның соңғы бөлігінде Дания құрамасы тағы үш шайба соқты: Кристиан Вайсе Матиасен (50-минут), Александер Труэ (51-минут) және Ник Олесен (59-минут) өз есімдерін таблоға жаздырды.
Қазақстан құрамасы В тобында ойнап жатыр. Қарсыластары — Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Мажарстан. Турнирдің қалған ойындарында ұпай қорын толықтыру — команданың басты міндеті.