Жібек Құламбаева Пармада сенсациялық жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Италияның Парма қаласында өтіп жатқан челленджер турнирінің жартылай финалдық кезеңіне жолдама алды.
Құламбаева жергілікті теннисші Николь Фосса-Уэргомен бірге ширек финалда турнирдің бірінші ракеткалары, қазақстандық Анна Данилина мен италиялық Анжелика Морателли жұбына қарсы ойнады.
Фаворит саналған Данилина мен Морателлиге қарамастан, Құламбаева мен Фосса-Уэрго екі сетте де 6:4 есебімен жеңіске жетті. Айта кетейік, Анна Данилина жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы болып табылады.
Бір жарым сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Құламбаева мен Фосса-Уэрго эйс жасамаса да, 8 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдаланды. Ал Данилина мен Морателли 12 брейк-пойнттың тек үшеуін ғана іске асырды.
Жібек Құламбаева мен Николь Фосса-Уэргоның жартылай финалдағы қарсыластары кейінірек анықталады.