ФУТБОЛ
«Қайсар» өз алаңында алғаш рет жеңіліске ұшырады

Қазақстан Премьер-лигасының 16-туры аясында мерзімінен бұрын өткен «Қайсар» – «Ақтөбе» матчында қонақтар жеңіске жетті. Бұл шешім ақтөбеліктердің Еуропа лигасының іріктеу кезеңіне қатысуына байланысты қабылданған болатын.
Ойын барысында «Ақтөбе» жылдам гол соғуға тырысып, 27-минутта Жайро Жан есеп ашты. «Қайсар» сапынан Дидар Жалмұқан 60-минутта таразы басын теңестірді. Алайда, 75-минутта Лев Скворцов ақтөбеліктердің жеңіс голын соқты.
Нәтижесінде «Ақтөбе» 2:1 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде 22 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, «Қайсар» бұған дейін өз алаңында өткен төрт кездесуде жеңілмеген болатын. Бұл — қызылордалық клубтың биылғы маусымдағы өз алаңындағы алғашқы жеңілісі.