
Футболдан Қазақстан кубогының жартылай финалына жолдама алған командалар белгілі болды, деп хабарлайды Sportm.kz.
Ширек финалда алматылық «Қайрат» пен елордалық «Астана» жарысты тоқтатуға мәжбүр болды.
«Қайрат» Шымкенттің «Ордабасы» клубымен кездесті. Бұл ойында жалғыз голды 34-минутта Жоао Паулино соғып, «Ордабасы» 1:0 есебімен жеңіске жетті.
«Астана» елордалық «Жеңіс» командасымен өткен тартысты матчта негізгі уақытта 1:1 есебімен тең түсті. Александр Марочкин есеп ашса, Мика жауап қайырды. Пенальти сериясында «Жеңіс» мергендік танытып, жартылай финалға жолдама алды.
«Қызылжар» мен «Елімай» арасындағы кездесу пенальтиге ұласты. Негізгі және қосымша уақытта есеп ашылмаған матчтың пенальти сериясында петропавлдық клуб жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті.
Ал «Тобыл» сырт алаңда «Тұранды» 2:0 есебімен тізе бүктіріп, жартылай финалға шықты.
Жартылай финал жұптары мынадай:
- «Қызылжар» – «Ордабасы»
- «Тобыл» – «Жеңіс»
Турнирдің шешуші кезеңі қызықты әрі тартысты өтеді деп күтілуде.