Астанада пара дзюдодан әлем чемпионаты басталады

13 мамырда Астана қаласында пара дзюдодан әлем чемпионаты басталады, деп хабарлайды Sportm.kz.
Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтетін IBSA Judo World Championships Astana 2025 — пара дзюдо әлеміндегі ең беделді жарыстардың бірі. Бұл дода төрт жылда бір рет ұйымдастырылады.
Чемпионатты Халықаралық зағиптар спорт федерациясы (IBSA) қолдайды. Мұнда 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына рейтингтік ұпайлар үлестіріледі. Жарысқа 40 елден 350-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олардың арасында 15 Паралимпиада чемпионы мен жүлдегері бар.
Қазақстан атынан жарысқа Ақмарал Науатбек, Ерғали Шәмей, Даяна Федосова және Жұрқамырза Шүкірбеков сынды ұлттық құраманың көшбасшылары қатысады.
Сондай-ақ елорда татамиінде әлемге әйгілі спортшылар — Алана Мартинс Мальдонадо (Бразилия), Южито Широ (Жапония), Флорин Болога (Румыния), Шерзод Намозов (Өзбекстан), Ибрахим Бөлүкбашы (Түркия) және басқалар өнер көрсетеді.
Жарыс бағдарламасына сәйкес, ерлер 70, 81, 95 және 95 келіден жоғары, ал әйелдер 52, 60, 70 және 70 келіден жоғары салмақтарда белдеседі. Сонымен қатар, Олимпиада бағдарламасына кірмейтін қосымша екі салмақта — ерлерде 64, әйелдерде 46 келіде де медальдар сарапқа салынады.
Іріктеу белдесулері сағат 10:00–13:00, ал финалдық кездесулер 15:30–17:00 аралығында өтеді.