
Қазақстан Премьер-лигасының 8-туры аясында бірнеше тартысты матч өтіп, командалар турнирлік кестедегі жағдайын жақсартуға тырысты, деп хабарлайды Sportm.kz.
«Ақтөбе» — «Елімай» кездесуінде жалғыз гол ойынның 55-минутында соғылды. Әлібек Қасымның дәл соққысы ақтөбеліктерге маңызды жеңіс сыйлады. Бұл нәтижеден кейін команда 14 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Талдықорғанда өткен ойында «Оқжетпес» сырт алаңда «Жетісуды» 3:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл көкшетаулық ұжым үшін маңызды сырт алаң жеңісі болды.
Шымкенттік «Ордабасы» өз жанкүйерлері алдында қызылордалық «Қайсарды» 5:0 есебімен ойсырата ұтып, турдың ең ірі жеңісіне қол жеткізді.
Ал 10 мамырда өткен ойында «Астана» өз алаңында «Тобылдан» 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Қостанайлық клуб елордада маңызды үш ұпай олжалады.
Сондай-ақ, «Қызылжар» Петропавлда «Ұлытауды» 2:1 есебімен жеңсе, «Тұран» Түркістанда «Атырауды» 1:0 есебімен сүріндірді.