Алматы облысында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталды

Алматы облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған халықаралық «Ұлы дала жорығы» атты марафон-бәйге ресми түрде жалауын көтерді, деп хабарлайды Sportm.kz.
Таң шапағымен бірге Бақанас бағытындағы ұлан-ғайыр далада ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық рухты насихаттайтын ауқымды этноспорттық шараның ашылу салтанаты өтті. Көрме мен командалар шеруінен басталған шарада Мемлекеттік Гимн орындалып, қатысушылар соғыста қаза тапқандарды үнсіз еске алды. Ерекше әсерлі сәттің бірі — Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың берген батасы болды.
Ашылу рәсімінде Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, жоба тек спорттық жарыс емес, тарихи жады мен рухани сабақтастықты жаңғыртатын маңызды алаң екенін атап өтті.
«Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек жобаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына үндес екенін айтты. Оның пікірінше, «Ұлы дала жорығы» ұлттық спорт пен мәдени мұраны насихаттауда ерекше орын алады.
Сенатор, «JORYQ» федерациясының құрметті президенті Дархан Қыдырәлі бәйгенің терең тарихи мәнін баса айтты: бұл жоба – ата-баба ізімен жүріп өтетін, көшпелі рухты сезінуге мүмкіндік беретін ұлттық экспедиция.
Федерация президенті Бақытжан Тұрлыбеков жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Биылғы додаға 19 команда қатысуда: оның 13-і – Қазақстан өңірлерінен, ал 6 команда шетелдерден келген. Олардың қатарында Оңтүстік Африка Республикасы, Венгрия, Иран, Қырғызстан және Татарстан (РФ) бар.
Қатысушылар 5 күн ішінде 500 шақырымдық бағытты еңсеруі тиіс. Марафон бағыты Қазақстанның тарихи және табиғи тұрғыдан бай өлкелерін қамтиды.