
Футболдан УЕФА Еуропа лигасының финалына шыққан командалар белгілі болды. Биылғы шешуші ойында ағылшындық екі клуб – «Манчестер Юнайтед» пен «Тоттенхэм Хотспур» өзара шеберлік байқасады, деп хабарлайды Sportm.kz.
«Манчестер Юнайтед» жартылай финалда Испанияның «Атлетик Бильбао» клубымен ойнады. Алғашқы кездесуде манчестерлік команда 3:0 есебімен ірі жеңіске жеткен еді. Қарымта матчта испаниялық команда үміт отын сөндірмеуге тырысып, 31-минутта Микель Хаурехисар есеп ашты. Алайда бұдан кейін «Юнайтед» шабуылға көшіп, қарсылас қақпасына төрт гол соқты.
Матч 4:1 есебімен аяқталып, қос кездесудің қорытындысы бойынша «Манчестер Юнайтед» финалға өтті.
Екінші жартылай финалда «Тоттенхэм Хотспур» сырт алаңда Норвегияның «Бодо-Глимт» командасымен кездесті. Англиялықтар бұл ойында да сенімді ойын көрсетіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы ойында да «Тоттенхэм» 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Жалпы есеп – 5:1.