
Қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Франкавиллада (Италия) өтіп жатқан челленджер турнирінің екінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды Sportm.kz.
Әлемнің 181-ракеткасы және жарыстың 3-нөмірлі қатысушысы саналатын Скатов алғашқы кездесуін Германия өкілі, рейтингте 345-сатыдағы Джастин Энгельге қарсы өткізді.
Матч үш сетке созылып, аса тартысты өрбіді. Бірінші сетте қазақстандық спортшы 6:4 есебімен басымдық танытты. Алайда екінші партияда Энгель 6:2 есебімен жауап қайырды. Шешуші үшінші сетте Скатов сенімді ойнап, 6:4 есебімен жеңісті жұлып алды.
Бәсеке 2 сағат 16 минутқа созылды. Скатов 2 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың 4-ін тиімді пайдаланды. Қарсыласы 5 эйс пен 4 брейкпен жауап қатты.
Келесі кезеңде Скатов ширек финал жолдамасы үшін әлемнің 331-ракеткасы, италиялық Джованни Фонио немесе 556-орындағы франциялық Бенуа Пэрмен кездеседі.